Дін және дәстүр – 20 СҰРАҚ ПЕН ЖАУАП

1. Қорымның қасынан өтіп бара жатқанда бет сипадым. Автобуста бірге отырған ер адам «бұлай істеуге болмайды» деп дүрсе қоя берді. Осылай бет сипауды көз ашқалы үлкендерден көріп келеміз. Сонда оның дұрыс болмағаны ма?

Қабірді арнайы зиярат ету исламда жағымды (мандуб) істерден саналатыны белгілі. «Қабірлерді зиярат етіңдер. Өйткені қабір зиярат ақыретті естеріңізге салады» деген хадис бар. Сонымен қатар өлілерге құран бағыштау, олар үшін Алла Тағаладан жарылқау тілеу де қабір зияратының бір мақсаты саналады.  Құран оқудың ғана емес, дүниеден өткен адам үшін дұға етіп, кешірім тілеудің, бағышталып жасалған барлық жақсылықтың сауабы тиетінін Пайғамбарымыздың хадистеріне сүйене отырып, төрт мазхабтың мужтаһид ғалымдары өз еңбектерінде жазып қалдырған.

Пайғамбарымыз «Бақиғ» қорымына зиярат еткенде: «Ассалаумағалейкум, уа мұсылмандар қауымы! Біздер де Алла қаласа, сіздерге қосыламыз. Алладан  өзіме де, сіздерге де есендік тілеймін» деген. Қабірге зиярат ете келгенде осылай сәлемдесуді өсиет еткен. Осы насихаттан ғибрат алған қазақ халқы да қабірстанына: «Біз де сіздей болғанбыз, сіз де біздей боларсыз» немесе «Біз де сіздей болғанбыз баяғыда, сіз де біздей боларсыз аяғында» деп өлілерден тірілерге аманат сөз жазып қалдырған.

Ал қабір жанынан өтіп бара жатқанда да бір сәт өлімді еске алу, мүмкіндігі болса, тоқтап, өлілерге құран бағыштау немесе қабір жанынан марқұмдар үшін «Алла жайын жаннаттан етсін», «Топырағы торқа болсын, иманы қабыл болсын» деген секілді дұға тілеп, бет сипап өту – қабір зияраты әдептерінен туындаған әрекеттер. Оның шариғатқа қайшылығы немесе әдепке жаттығы жоқ. Керісінше ғибраты мен өнегесі мол.

Қабір зияраты әдебіне қатысты хадистерде қабірдегілердің өздерін зиярат етушілерді танитыны, сөздерін еститіні, жағымсыз іс-әрекеттер жасалған жағдайда ауыртпалық сезінетіні жайлы айтылады. Сондықтан қабірстандағыларға дауыстап сәлем беру, қабір әдебін сақтау, қабірдің үстін баспау, оған сүйеніп отырмау керектігі, қабір үстімен өтуге мәжбүр болған жағдайда арнайы тасбих, тәһлил, тәкбір, истиғфар дұғаларын айтып өту қажет екендігі хадистерде жиі ескертілген. Сондай-ақ мәйітті жуу, кебіндеу, көтеру, жаназасын шығару, қабірге салу кезінде абай болу қажеттігі жөнінде хадистер бар. «Кімде-кім қорымнан тәкбір айтып өтсе, қабірде жатқан кісі: «Осы адам қабірімнің жанынан тағы бір рет өтсе ғой!» деп қалайды екен» делінеді исламдық дереккөздерінде. Артында қалған ұрпақтарының Құран үйреніп, ізгі, сауапты істер атқарғаны үшін марқұмдардың қабір азабының жеңілдетілгені жөнінде де хадистерден бастау алған хикметті хикаялар бар. 

Атамыз қазақ Пайғамбарымыз аманат еткен қабір зияратына қатысты әрбір әдепті көздің қарашығындай қастерлеген. Қандай жағдайда болса да, қабір жанынан ойсыз, асығыс-үсігіс өте салмаған, қолынан келсе құран бағыштап, тым болмаса «тие берсінін» айтып бет сипап өткен. Мұндайда абзалы, әрине, арнайы дұға бағыштау болмақ. Дұғадан кейін бет сипау да – дұғаның әдебіне жататын, дініміз терістемейтін, Пайғамбарымыздың сүннетінде кездесетін амалдардың бірі. Демек, қазақ ұстанатын қабір зияраты әдебінің әрбірінде пайғамбарымыздан аманат болып келе жатқан қастерлі қағидалар бар.

А.Әбдірәсілқызы

 

 

2. Дүниеден өткен ата-бабаларға Құран бағыштауға бола ма? Оның дұрысы қалай болмақ?

Дүниеден өткен адамға «сауабы тисін» деген ниетпен Құран бағыштауға болатынын, оның шариғатқа қайшылығы жоқтығын, керісінше сауапты іс екендігін талай ислам ғұламалары дәлелдеп жазған. Пайғамбарымыздың: «Өлілеріңе «Йасин» сүресін оқыңдар» деген хадисі бар. Абдуллах ибн Омар сахабаның қабір басында «Бақара» сүресінің аяттарын оқығаны жөнінде риуаят жеткен. Пайғамбарымыздан жеткен сахих хадистерде марқұмның өтей алмаған оразасын тұту, атқара алмаған қажылығын өтеу, оның атынан садақа беру секілді ғибадаттардың сауабы өліге тиетіні айтылған. Осыған сүйеніп, мүжтаһид ғалымдар Құран оқу да жеке ғибадат болып табылатындықтан, оны оқып, марқұмға бағыштаудың да өліге сауабы тиетіні жөнінде ортақ тұжырымға келген. Пайғамбарымыздан бір кісі: «Уа Алланың елшісі, ата-анам өлгеннен кейін де оларға құрмет көрсете аламын ба?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Иә, егер дұға жасасаң, Алладан оларға кешірім етуін сұрасаң, берген уәделерін орындасаң, туыстарымен байланысыңды үзбесең және достарын құрметтесең» деп жауап берген. Сонымен қатар исламда «үздіксіз сауап» деген ұғым бар. Ол Пайғамбарымыздың: «Адам қайтыс болған соң амал-сауабы тоқтайды. Тек үш жолмен ғана үздіксіз сауап барып тұрады: тоқтаусыз садақасы (ел игілігі үшін жасаған нәрселерінің сауабы – салған көпірі, мешіт, медресесі, т.б.), қалдырған пайдалы ілімі, салиқалы ұрпағының дұғасы» деген хадисіне негізделген. Осы негіздерге сүйене отырып, Құран оқудың ғана емес, дүниеден өткен адам үшін дұға етіп, кешірім тілеудің, бағышталып жасалған барлық жақсылықтың сауабы тиетінін төрт мазхабтың мужтаһид ғалымдары өз еңбектерінде жазып қалдырған. Дегенмен Құранды ақы төлеп оқытуды ислам ғұламалары құптамаған, «ақшаға оқылған Құран қабыл болмайды» деп тұжырымдаған. «Мүмкіндігінше қаза иесінің Құранды өзі оқып, бағыштағаны жөн, ал Құранды басқа адамға оқытқан жағдайда оған ақы төлеуге болмайды, садақа ретінде беруге болады» деген ортақ тұжырымдар (ижмаъ) бар.

Қазақы дәстүрде өліге Құран бағыштауға ерекше мән берілетіні белгілі. Бұл бір жағынан дін мен дәстүрдің тоғысуының ділдегі (менталитет) көрінісі іспетті. Ежелгі ғұндар мен сақтар дәуірінен тамыр тартып келе жатқан сайын даладағы бір игі дәстүр – дүниеден өткендерді еске алып, ас беру болған. Сонау ежелгі грек деректерінде сақталған мына оқиға осы дәстүрдің ішкі мазмұнын танытады: Скиф (сақ) данышпаны, атақты емші Токсаридке (б.д.д. VІІ-VІ ғғ.) эллиндік (грек) ойшыл Мнесип мынадай сұрақ қояды: – Сендер ата-бабаларыңның рухына арнап ас бересіңдер. Сонда сендер оларға табынасыңдар ма? Бұл сұраққа Токсарид: – Біз ата-баба рухына табынбаймыз, ас беру арқылы оларды еске алып, тірілерге үлгі етеміз, жастарды тәрбиелейміз, сөйтіп, тірілердің рухын көтереміз, – деп жауап береді.

Ғұндар мен сақтар дәуірінен тіні үзілмеген осы рухани дәстүр түркі қағанаты тұсында да жалғасын тапты. Исламды қабылдаған түркі жұртында бұл үрдіс әруақтарға арнап ас беріп қана қоймай, Құран оқып, сауабын өлілерге бағыштаумен толықты. Көшпелі далалықтар ерекше қастерлеген мазар мәдениеті мен зиярат әдебі де ислам діні мен ұлттық дәстүрлер үндестігінің көрінісі болып табылады. Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Ортағасырлық дерек көзі «Тәзкире-и Бұғрахан» шежіресіне сүйенсек, марқұмдарға ас беріп, құран бағыштау исламның түркі даласына таралған алғашқы кезеңінен бастау алған деуге болады. Қарахан мемлекетінің рухани тарихын баяндайтын шежіреде: «Бейсенбі күні сусын мен тамақ әзірленді. Мұсылмандарға ас тартылды. Құран хатым қылды. Сауабын шәһидтер рухына бағыштады», «Шәһидтерге арнап мұсылмандарға ас берді. Хатым Құран қылды. Одан кейін шырақшы тағайындап, қырқын өткізіп, Қожа Факих Әйубты ұлық шейх қылып, қырық кісі жарубкеш күтуші қойып, майшам алдырып, әрқайсысына бір жер тағайын қылды. «Әзіреті падишах Әли Арслан ғазыға, барлық шәһидтерге дұға, тәкбір қылыңыздар» деді» деген мәтіндер жиі кездеседі.

Тарихи тұрғыдан осылай айшықталатын бұл үрдіске танымдық қырынан келер болсақ, қазақтың қанына біткен әруақ сыйлау үрдісі ата-ананы құрметтеу әдебімен ұштасады. Ата-ананы сыйлаудың Алланың разылығын алудың ең жақын жолы екені талай хадистерде айтылған. Ал Алладан кейінгі ұлығы, көз алдындағы киелісі – ата-анасын ғана емес, жеті атасын түгел сыйлауы, көзі тірі үлкендердің ғана емес, дүниеден әлдеқашан өтіп кеткен өлілердің де қамын ойлап, дұғасын бағыштауы қазақтың иман дүниесінің қаншалықты тереңде жатқанын аңғартса керек. Бұл жерде мына нәрсені де ескерген жөн. Әруақ алдындағы қарызын өтеп, жан-дүниесі тыныштық табуы, ар алдында таза болуы – тірілер үшін үлкен сабақ. Тірі теңгермегенді өлі теңгереді. Өлі алдындағы өтелмеген парыз теңгереді. Өліге бағыштап Құран оқытып, садақа берудің, марқұмның ізгілігін сүйінішпен, кем-кетісін өкінішпен еске алып, соңында қалғандарға қайырым-көмек жасаудың әрбірінде адамның шайқалақтап тұрған иман таразысын теңгеріп, арғы-бергісін ойлатып, тәубесін есіне түсіретіндей үлкен мән-мағына бар. Бауыр мен бауырды, туыс пен туысты жақындататын парыз бен қарыз сезімі де тірінің түйткілі көп тіршілігінен гөрі өлінің өнегесі көп тыныштығында бас қосқанда көбірек танылып-түйсініледі. Сондықтан бүгінгі күні де торқалы тойдан гөрі топырақты өлімде бас қосу қазақы болмысқа тән құндылықтарды көбірек жаңғыртып отырғанын атап айту ләзім.

А.Әбдірәсілқызы

 

 

3. Иіс шығару исламға жат па? Жаман түс көріп, қорқып немесе әлденені сүйіншілеп жеті нан тарату, ол дәмнің сауабын өлгендерге бағыштау дәстүрі қаншалықты дұрыс?

Бүгінде әлем мұсылмандарының басым бөлігі ұстанатын, Қазақстан мұсылмандары үшін де дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабының іргесін қалаған имам Ағзам Әбу Ханифа ілімінде ислам дінін қабылдаған жергілікті халықтардың салт-дәстүріне баса мән берілді. Ханафи мазхабында әдет-ғұрыптар исламдағы пәтуа шығарудың, яғни белгілі бір мәселеге қатысты діни үкім берудің бір негізі ретінде саналады. Құран үкімдерінде, хадистерде, ислам ғұламаларының пәтуасында қарастырылмаған қандай да бір жағдайға қатысты жергілікті халықтың әдет-ғұрпы арқылы шешім берілген болса, сол әдет пәтуа ретінде қабылданған. Сондай-ақ жергілікті халықтың дәстүріне тән қандай да бір әдет-ғұрып ислам шариғатына қайшы келмесе, ел арасында кең таралған болса, оны қолдануға, сол бойынша іс-әрекет етуге ешбір шектеу қойылмайды.

Иіс шығару – түркі халықтарының біразына тән дәстүр. Атамыз қазақта өлілерге арнап ас беру, жиын-той жасап, көпшіліктің басын қосып отыру – сонау сақ-ғұн кезеңінен келе жатқан дәстүр. Исламды қабылдағаннан кейін бейсенбі, жұма күндерін ұлықтап әрі ата дәстүрін исламмен астастыра отырып, иіс шығарып, жеті нан тарату немесе молда шақырып, пісірген нанға Құран оқыту дәстүрге айналды. Ал көршілес өзбек халқында ас (палау) пісіріп, өз отбасында ішіп-жеп, Құран оқуды «иіс шығару» деп атайды, олар да бұл дәстүрді исламмен берік байланыстырған. Әрбір амал ниетіне қарай бағаланады, бұл дәстүрдің негізгі мақсаты – Құран оқытып, сауабын өлілерге бағыштау екені анық.

Ислам шариғатында садақаға баса мән берілетіні белгілі. Садақа тек кембағалға берілетін көмек қана емес. Исі мұсылман баласына, қала берді барша жаратылысқа қатысты әрбір ізгі іс, жақсы сөз, тіпті біреуді жамандықтан қайтарып, жақсылыққа үндеу де садақаға жатады. Ал қазақта садақаның ең көп таралған түрі – дастархан жайып, ас беру немесе жеті нан тарату. Астың алдында да, соңында да Құран оқылады, сол секілді жеті нанды берген адам да, алған адам да марқұмдарға бағыштап, Құран оқитыны белгілі. Сондықтан бұл дәстүр – исламмен біте қайнасып кеткен дәстүр.

Сонымен қатар қазақ үшін дастархан мен ас – қастерлі ұғымдар. Ол бас қосуға, араласуға, бірлік пен берекеге себеп болады. Бұл тұрғыдан да шариғаттан шалыс кетпейтін мұндай ізгі дәстүрді мұсылман баласын бірлік пен сауапты істерге шақыратын ислам дінінің тек қана құптайтыны айқын. «Мұсылмандардың жақсы деп тапқан нәрсесі Алла құзырында да жақсы» деген Пайғамбарымыздың хадисі бар. Ал ислам ғұламалары ұлттық дәстүрлер жайында: «Әдет-ғұрыптың шариғатта өз орны бар», «әдет-ғұрыппен белгілі болған нәрсе шарт сияқты (міндетті) болады», «әдет-ғұрыппен бекітілген нәрсе насспен (аят-хадиспен) бекітілген нәрсе сияқты» деген тұжырымдар жасаған.

Ал түс көру жайына келсек, Пайғамбарымыздың: «Түс үшке бөлінеді. Бірі – шынайы түс. Ол – Алланың сүйіншісі. Екіншісі – шайтанның салған уайымы. Үшіншісі – пенденің ойына алған нәрселерінен туындаған түс. Кімде-кім жайсыз түс көрсе, дереу тұрып намаз оқысын. Және ондай түсті ешкімге айтпасын» деген хадисі бар. Сонымен қатар Пайғамбарымыз сахабаларына: «Кімде-кім түс көрген болса, маған айтсын. Мен оны жорып берейін» деген. Таң намазынан кейін Пайғамбарымыз жамағаттан: «Араларыңда бүгін түс көргендер бар ма?» деп сұрап отырған. Осының барлығы түстің белгілі бір мағынасының барлығына дәлел. Түс – Алланың бір хикметі. Құрандағы Жүсіп пайғамбардың түс көруі, оның Мысыр патшасының түсін жоруы және жоруының дәл келуі жөніндегі хикаялар кездейсоқ келтірілмеген.

Қазақы ұстанымға келсек, халқымыз: «Түс – балқыған қорғасын, қалай жорыса солай ауады» деп санайды. Көрген түсті іштей жақсылыққа жориды немесе мәнісіне жетпесе, білікті, ниеті түзу адамға арнайы жорытады. Қазақ дүниетанымында түс көрудің орны ерекше маңызды. Халқымыздың көптеген аңыз-әңгімелері мен ертегілерінде, жыр-дастандарында түс көру мотиві негізгі сарындардың бірінен саналады. Ол сол туындының бүкіл мазмұнына, бас кейіпкердің тағдырына арқау болып жатады. Кешегі ел бастаған хандар мен қол бастаған батырлардың, халқымыздың сөз ұстар даналарының көрген түстері мен оның жоруы жөнінде талай аңыздар, шындыққа айналуы жөнінде көптеген ғибратты әңгімелер сақталған.

Әрине, Пайғамбарымыздың хадисінен ұғынылатындай, әрбір түс мағыналы бола бермейді. Қазіргі ғалымдардың түсті «күндізгі ойдың елесі» немесе «аяқталмаған ойдың жалғасы» деп санайтыны да негізсіз емес. Дегенмен жоғарыда айтылғандай, ұлттық дүниетанымымызға тән ерекшелікпен, Алланың әрбір ісінен хикмет іздеп тұратын халқымыз түске қашанда бей-жай қарамаған. Жақсы түс көрсе ырымдап, жаман түс көрсе, сақтанып, жеті нан пісіріп, садақа таратып, Құран оқып жататыны да сондықтан. Сонымен қатар мұндай әрекеттер Пайғамбарымыздың: «Садақамен қиыншылықтың алдын алыңдар», «Садақа жетпіс түрлі пәленің алдын алады», «Садақа ретінде берілген бір үзім нан Алла Тағаланың алдында Ухуд тауындай үлкейеді», «Сауабын мұсылман әке-шешесіне бағыштап берілген садақаның сауабы оларға да барады, өз сауабынан да ешнәрсе азаймайды», «Садақа беріп ризықтарыңды көбейтіңдер» деген хадистерімен үндесіп жатқандығына күмән жоқ. Жеті нан пісіріп, садақа таратудың жаман ниетпен жасалмайтыны, шариғатқа қайшы еместігі және ешқандай жағымсыз салдар тудырмайтыны әмбеге аян. Сонымен қатар мұндай мәселелерге баға беруге келгенде исламда шариғатпен айқын тыйым салынбаған нәрселерге, соның ішінде әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге де шектеу қойылмайтынын назарда ұстаған жөн.

А.Әбдірәсілқызы

 

 

4. Бұрынғы кесенелерді қарасақ, қам кесектен, топырақтан тұрғызылған екен. Ал қазіргі кесенелерге қарасаңыз сарай, қамалдар секілді биік, үлкен. Құлпытас орнатудың әдебі мен тыйымдары қандай?

Қабірді қоршау ең алдымен белгі үшін, екіншіден аяқ асты болмауы үшін, үшіншіден қабірді жан-жануарлардың таптамауы, жыртқыш аңдардың мәйітке зақым келтірмеуі үшін жасалады. Қабір басына құрылыс салуға қатысты исламдабірнеше түрлі пікір қалыптасып, әр мазхаб ғалымдары түрліше пәтуа берген. «Көпшілік қабірстанында құрылыс салуға болмайды, ал жеке қабірлерді қоршауға болады» деген пікір мен «кез келген қабір басында құрылыс жүргізуге болады» деген көзқарастар қатар өмір сүріп келеді. Кей ғалымдар белгілі діни тұлғалардың қабірі басына күмбез салуды тағылымды іс деп санаса, ендігі бір ислам ғұламалары ысырапшылдық пен сенімнің әлсіреуіне себеп болады деген пікірмен қабір басына қандай да бір құрылыс нысанын салуға үзілді-кесілді қарсы шығады. Олардың әрқайсысының өзіндік дәлелі, сүйенетін негіздері бар.

Қабір басына құрылыс салу исламның алғашқы дәуірлерінен басталған. Көптеген белгілі дін ғалымдарының қабірі күмбезді кесенемен қоршалған. Пайғамбар қаласындағы «Жәннатул Бақида» жерленген саңлақ сахабалардың сәулетті сағаналары уаххабилік идеология күшіне енген ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін бой түзеп тұрды.

Имам Абу Ханифа негізін қалаған ханафи мазхабы ғалымдарының пәтуасы бойынша қабірді кіндіктен жоғары етіп қоршауға, белгі қойып, жазу жазуға рұқсат етіледі. Ал күмбезді құрылыс салуға ханафи ғалымдары тыйым салмаған, бірақ оны «тахриман (харамға жақын) мәкруһ» санатына қосқан. 

Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мазар мәдениетіне көз салсақ, айтылған қағидалардан алшақ кетпегенін, шариғатқа шалыс емес, салт-санаға тиімді тұстарын екшеп пайдаланғанын  байқаймыз. Дін дүниесінде даңқы шыққан рухани ұстаздарының қабіріне ғана еңселі ғимарат орнатқан аталарымыз ел бастаған көсемі мен сөз бастаған шешенінің зиратын сән-салтанатсыз қоңырқай ғана күмбезбен қоршаған. Көпшілік қабірлер аяқ асты болмау үшін төбесі ашық төрт құлақ бейіт ретінде соғылған. Қазір де ел ішіндегі есті азаматтар бақилық болған жақындарына төрт құлақ бейіт тұрғызумен шектелуді жөн санайды. Қарапайым адамдардың қабірінің қоршауын қам кесектен тұрғызудың да өз қажеттілігі бар. Уақыт өтіп, марқұмның сүйегі қурап кеткен кезде қабір қоршауы да үгітіліп, жер молаға айналып жатса, одан жаңа жерленген мәйітке келгендей залал келе қоймайды.

Дегенмен, «заманына қарай – амалы» демекші, қазір қабірді темір қоршаумен қоршап, жазулы құлпытас орнату үрдісі кең тарап отыр. Өз әдебінен аспаса, мұндай үрдістердің де жерлеу әдебіне, мазар мәдениетіне қайшылығы жоқ.

Рас, өкінішке орай, ғасырлар бойы қалыптасқан мазар мәдениеті мен қабірстанның қастерлі қағидаларын ескерусіз қалдырып, қабір басына салтанатты құрылыс салуды мақтан көретіндер де көбейіп барады. Бірақ бұл даурықтыратындай дауасыз дерт емес, ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесімен, имамдарымыздың уағыз-насихатымен орны толатын олқылық.

А.Әбдірәсілқызы

 

 

5. Жуырда «ақылы жоқтау айтушылар» туралы естідім. Жаназа кезінде өлікті ақылы түрде жоқтап жылайтын белгілі бір адамдар болады екен. Бұған қатысты ислам діні не айтады? Жалпы алғанда, жаназада мұндай «бастаушылардың» болғаны дұрыс па?

Бұл мәселе қысқа қайыруға келмейтіндіктен бірқатар жайттарды мысалдармен түсіндіре кету қажет. Сөзімізді исламның жоқтауға көзқарасы мен қазақ мәдениетіндегі жоқтау дәстүрінен бастасақ.

Жоқтауға қатысты Пайғамбарымыздың: «Біреу қайтыс болғанда бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып және надандарша айқайлап жылаған адам бізден емес» деген хадисі бар. Осы хадисті негізге ала отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Пәтуалар жинағында»: «Әбу Ханифа мазхабында қайтыс болған кісіні жоқтап, өкіріп жылау – харам, қатты дауыс көтермей жылауға болады» деген пәтуа берілген. Бұл жерде «өкіріп жылау», «бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып және надандарша айқайлап жылау» деген ұғымдардың барлығы ең алдымен тағдырға көндікпеу, Жаратқанның жазмышына нала болу, наразылық таныту ниетінен туындайды. Ал қазақтың дәстүрлі жоқтауына назар салсақ, оның мұндай агрессиялық көңіл-күйден ада екеніне көз жеткізуге болады. Әрине, ет жақын адамның қазасына күйінбеу мүмкін емес, «Сөйлемей пенде шыдамас Қайғы отына ашынған» деп Абай айтпақшы, жоқтауда күйікті, шерлі сөздердің айтылмауы да мүмкін емес. Бірақ қазақтың естірту, жоқтау, көңіл айтудан тұратын дәстүрлі мұң-шер өлеңдері сол қайғыны жеңілдету, оны наза мен налаға ұластырмау мақсатында шығарылған. Сол мақсатын ақтай білгені үшін де кешегі қазақ қоғамында жоқтау дәстүрі кең таралды.

Қаза болған адамның жақынын өлім жайлы әңгімеге психологиялық тұрғыдан дайындап барып, қазаны естірту, одан кейін оның дүниеден өткен жақынына деген барлық сағынышын, құрметі мен қимастық сезімдерін көңілінде шер қалмастай етіп сарқып айтып, жоқтаумен жеткізу, соңынан ажалды пенденің ешбірін құтқармайтын тағдырға мойынсұндыра көңіл айту – барлығы жоқтау жырларында көрініс тапқан. Дәстүрлі қазақ жоқтауының үздік үлгісін Үмбетей жыраудың Абылайға Бөгембай өлімін естіртуінен көруге болады. Аздаған үзінділер келтірсек:

Ей, Абылай, Абылай!

Сөзімді тыңда тағы да-ай!

Өзіңнен біраз жасы үлкен,

Дөңбек таудай басы үлкен,

Жасыңда болған сырласың,

Үлкен де болса, құрдасың,

Сексеннен аса бергенде,

 Қайырылмас қаза келгенде

Батырың өтті Бөгембай!

... Уа, Алатаудан Ақшадан

Асып тудың, Бөгембай!

Болмашыдай анадан

Болат тудың, Бөгембай!

Қалақайлап дулатқан,

Қалдамандап шулатқан

Қалмақты қудың, Бөгембай!

Құбыла көшкен байтақтың

Ордасындай Бөгембай!

Темір жұмсап, оқ атқан

Қорғасындай Бөгембай!

...Бөгембайдай батырдың

Береке берсін артына,

Бірлік берсін халқына.

Жаратқан ием жар болып,

Пейіште нұры шалқығай!

Қазақта жоқтау жазбаған ақын жоқ десек, артық айтқанымыз емес. Өз әдебінен, сөз әдебінен аспаған жүйелі жоқтаудың шариғатқа шалыс еместігін қалтқысыз пайымдаған қазақтың ислам ілімін жетік меңгерген талай ғұламалары жоқтау жазды. Басқаны былай қойғанда, Абай мен Мәшһүр Жүсіптің шығарған жоқтаулары бір жосын. Абай ақын Әбдірахман өлімінен кейін көптеген жоқтау жырларын жазған, келіні Мағышқа да арнайы жоқтау шығарып берген. Оспан өліміне арнаған жоқтауы, «Баласы өлген анаға шығарып берген жоқтауы» деген атпен басылған өлеңдері де бар. Соның бәрі – қазаның қайғысын өз жүрегінен өткізген адамның мұң-зары, шер тарқатуы ретінде еріксіз туындаған жырлары. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» дегенде де Абай жоқтаудың ғибратына меңзеді. Мәшһүр Жүсіптің Мұса Шорманұлын оның келіні атынан жоқтауына назар салсаңыз:

Бісмілла сөздің басында,

Көрдім бір қасірет жасымда!

Опасыз дүние-ай, дариға,

Жан атам өтті, жарандар,

Иманы жолдас қасында.

Халайық, бір сөз қозғайын,

Сүннеттен асып, озбайын,

Асылық сөйлеп Аллаға

Шариғат сөзін бұзбайын, - деп басталатын дастанға барабар (28 бет) жоқтау жазып қалдырған. Дүниеден өткен абзал азаматтың барлық қадір-қасиетін, парасат-пайымын, ел үшін еткен еңбегін, артына қалдырған ізгі өнегесін шынайы дәріптеген осы жырдан жоқтаудың бүкіл ғибратты мәнін табуға болады. Жоқтау тек шер шығару үшін ғана емес, өлім үстінде тіріге ой тастап, өнегелі өмір сүруге жетелеу үшін де жазылған.

Қайғысын жырмен жеңілдететін ақындық қабілет әркімге бұйырмағандықтан жоқтауды ақындардың арнайы шығарып беруі де қазақы дәстүрде бұрыннан бар. Бірақ дауыс салып, көрісу рәсімін бар ағайын жасағанымен, жоқтауды жалдамалы жоқтаушы емес, қаза болған кісінің жақын туыстары – қазаның қайғысы басына түскендер ғана айтады.

Өткен жылы есімі елге танымал бір сыйлы азаматтың ағасы дүниеден өтті. Арада айға жуық уақыт өткенде сол кісі мынадай бір сырды айтты: - Ағам дүниеден өткенде өмір тоқтап қалғандай болды. Еш нәрсемен шерімді тарқата алмадым, еш нәрсеге мойын бұрып, жұбана да алмадым. Есі кіресілі-шығасылы адамдай сенделіп жүрдім де қойдым. Сол кезде барып, қазақтың жоқтауды не үшін шығарғанын ұғындым. Бар қайғысын жоқтаумен шығарып алатын әйелдерде арман жоқ екен ғой! Баяғыдай ер азаматтардың дауыс салып көрісуі де жоқ, шердің шемен боп іште қатқаны жаман екен. Ақырында ағамның жетісін берген соң, қолыма күрек алып, жалғыз өзім әке-шешемнің, ағамның моласының басына кетіп қалдым. Екі күн бойы солардың басында болып, қабірінің тікен-шөбін тазалап, іштей әбден сырласып-мұңдасып барып, өзіме өзім келгендей болдым. Адамның хайуаннан артықшылығы да жүрегінің сезімінде ғой. Қазақ жылқыны адам мінездес болған соң жақсы көреді. Мал атаулының ішінде жылқы баласының ғана бауыздар сәтте көзінен жас шығады екен. Бауырын жоқтап, жылай білмесе адамның сол жылқы ғұрлы болмағаны ғой. Жоқтау – қазақты күйік пен сезімсіздіктен қорғап келе жатқан өнегелі дәстүр екен. Сен осы туралы жазшы, - деп кетерінде аманат еткен еді ол кісі.

Өзім бала кезімнен тағдырдың жазуымен торқалы тойдан гөрі топырақты өлімді көбірек көргендіктен, жоқтауды көп естіп өстім. Бауырларым бірінен соң бірі дүниеден өткенде еріксіз жоқтау жырлар жаздым да. Бертінде абзал замандастарымыз қайтыс болғанда талай жоқтау өлеңдерім туындады. Қазіргі ақындар арасында да жоқтау жазушылар аз емес. Дегенмен бұл жоқтаулар – дауыс салып айту үшін арнайы жазылған жырлар емес, іштегі шерден табиғи түрде туындаған жазбаша жоқтаулар. Олардың ауызша айтуға арналған жоқтаудан өзіндік өзгешеліктері бар.

 Жалпы дауыстап жоқтау айту көп адамның көңілінен шыға бермеуі мүмкін. Барлық адам бірдей іштегі шерін дауыстап, мақаммен шығаруға бейім немесе бейілді бола бермейді. Біреулерге жоқтау тіпті ерсі көрінуі мүмкін. Сондықтан болса керек, бұрын жоқтау айнымас дәстүрдің бірі болса, қазір әркімнің қалауына қарай бірде айтылып, бірде айтылмайтын болды.

Ал сауалда айтылған «ақылы жоқтау айтушыларға» келсек, қаза болған кісіге қатысы жоқ адамның жоқтау айтып отыруы әртістің роль ойнауы секілді жасанды көрініс болары анық. Мұндай нәрсе көпшілікке де ерсі көрінеді, өйткені басқасы басқа – топырағы суымаған өлімді қазақ өнер қойылымына айналдырмаған. Тек асарын асап, жасарын жасаған қария кісілер дүниеден өткенде ғана, онда да арада жыл өткеннен кейін ас берген кезде «қарияныкі – той» деп ат шаптырып, балуан күрестіріп жатады. Ол, әрине, басқа мәселе.

Ал ақылы жоқтау айту үрдісін әдетке айналдыруға келсек («дәстүрге айналдыруға» дегенге аузымыз бармайды) бұл келешекте бәсекенің бір көзіне айналып, жоқтаудың қадір-қасиетін қашыруы әбден мүмкін. Жоқтаудың жөні осы екен деп дүниеден өткен адамға жоқ қасиетті жапсырып, жалған мақтау айтып жатса, жоқтаудың ғибратынан мән-мағына қалмайтыны анық. Жалпы, ақылы жоқтау айту секілді өтпелі құбылыстар дүнияуи тұрғыдан да, діни тұрғыдан да өзін ақтамайтындықтан жүре келе сәннен қалуы мүмкін.

Қоғам құндылықтарды қашанда өзі сұрыптайды. Дәуір сұранысына сай келмеген дәстүрлер өзі-өзінен ысырылып қалып қояды. Сондықтан мұндай үрдістерді арнайы реттелетін емес, ар-ождан мен таңдау еркіне жүктелетін құбылыстар деп білген жөн.

А.Әбдірәсілқызы

 

 

6. «Түркістанға зиярат ету кіші қажылыққа жатады» деген пікірмен келісуге бола ма? «Арыстанбабқа түне, Ясауиден тіле» деген сөздің астары қандай?

Түркі-қазақ даласында ислам дінінің кеңінен таралуына, халық дүниетанымымен сіңісіп, берік орнығуына Қожа Ахмет Яссауи негізін салған рухани-моральдық ілімнің ерекше әсер еткені төл тарихымыздан белгілі. Әрине, Яссауиге дейін де, одан кейін де исламды таратуға ерен еңбек сіңірген рухани тұлғалар аз болмаған, бірақ түгел түркі халқының жүрегіне жол тауып, «Түркістан пірі», «Әулиелер сұлтаны», «Әзіреті Сұлтан» атанған Қожа Ахмет Яссауидің түркі тарихындағы орны ерекше. Бұл ерекшелік Әзіреті Сұлтанның ислам ілімін терең меңгеріп, тақуалықтың шыңына, рухани кемелдікке көтерілген өнегелі болмысымен, өзі шынайы сезінген діннің рухын түркінің төл тілінде жүрекке жақын өлең тілімен өрнектеп бере білген ақындық шеберлігімен, ислам ілімін түркі халқының дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігіне етене жақын әдістермен насихаттап жеткізе білген көсемдік қабілетімен байланысты болды.

Арғы тегі араб жұртына – Пайғамбар әулетіне тірелсе де, Ысқақ бабтан бергі он бір атасы түркі жұртында өсіп-өнген Қожа Ахмет Яссауи жергілікті халықтан өзін ажыратып қараған жоқ, «Туған жерім – мүбарак Түркістан» деп осы өлкені қастерлеп жырына қосты, түркі жұртының, әсіресе Яссы (Түркістан) қаласының маңын мекен еткен оғыз-қыпшақ (бүгінгі қазақ) тайпаларының дәстүрі мен дүниетанымын жетік біліп, құрмет тұтты. Әйел-еркек деп бөлінбей, алқа-қотан отырып жыр тыңдайтын осы халықтың нәпсіден аулақ, туысқаншыл өнегесін пір тұтқан Яссауи әйелдер мен ерлер бірге қатысатын алқа зікірін құрып, Алланы жария еске алудың жолын қалыптастырды. Сол жаңашылдығы үшін заманының талай дін ғұламаларымен тартысқа түсіп, өзі сүйген жамағатының абыройын қорғады. Қорғап қана қоймай, бүкіл Орта Азия өлкесіне өз ұстанымының дұрыстығын, ілімінің ақиқаттығын мойындатып, «Түркістан пірі» атанды.

Кешегі түркі, бүгінгі қазақтың болмысына біткен қонақжайлық мінез, алыс жақыннан келген жолаушының бәріне есігі ашық ақжарма көңіл Яссауи іліміндегі «суфрадарлық» – «дастархан жаю» дәстүрімен ұштасып, дастархан үстінде уағыз айтып, ислам ілімін таратудың өміршең үрдісіне айналды. Яссауи іліміндегі «Қызыр пайғамбар жолаушы бейнесінде келіп, сұхбатқа қатысады» деген сенім қазақтың «Қонақ келсе, қыдыр келеді», «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген мақалдарынан көрініс тапты. Осылайша өз болмысына етене жақын жолмен шынайы исламды танытқан, мың-сан шәкірт тәрбиелеп, өмірін дінге арнаған Әзіреті Сұлтанға деген елдің ықыласы көзі тірісінде ақ ерекше болған. Ол дүниеден өткеннен кейін қабірстанын қастерлеп, зиярат орнына айналдырды, Әзірет Сұлтан жайында жүздеген аңыз әңгімелер туындатты. Яссауидің ұстаздарын да, оның жолын жалғастырған шәкірттерін де халық рухани ұстаздар санап, пір тұтты. Әзірет Сұлтан жөніндегі ең көп тараған аңыз Мұхаммед пайғамбардың аманат құрмасын Арыстанбаб әулиенің бес жүз жыл сақтап, Яссауиге жеткізгені жайында болып келеді. Бірқатар ғалымдар «аманат құрманы» рухани ілімнің символы деп санайды.

    «Мәдинада – Мұхаммед,

    Түркістанда – Қожа Ахмет,

    Маңғыстауда – пір Бекет»

деп келетін өлең жолдарында аталған тұлғалардың дәрежесінің теңдігі емес, рухани ілімінің жалғастығы астарланған. Шын мәнінде Пайғамбар дәрежесімен ешбір әулие-тақуа жандардың деңгейін салыстыру мүмкін емес. Сол секілді «Әзіреті Сұлтанды үш рет зиярат ету кіші қажылық жасағанмен бірдей» деген ұстанымның да шариғи негізі жоқ. Бұл Мекке-Мәдинаға аяғы жетпеген арманды жандардың «Пайғамбардың ұрпағы, аманат ілімін жалғастырушы піріміз ғой» деп Әзіреті Сұлтанға қайталап зиярат етуді көңіліне жұбаныш-медет тұтуынан туындаған пікірлер ғана. Бұлай етуді Әзірет Сұлтан да аманат етпеген, кейінгі орта ғасырлардан сақталып келе жатқан Түркістанға зиярат ету әдебі туралы жазба деректерде де мұндай мәлімет кездеспейді.

Ал «Арыстанбабқа түне, Ясауиден тіле» деген сөз дұрыс айтылуында «Арыстанбабта түне, Ясауиде (Алладан) тіле» болып келеді. Өйткені тілек адамнан сұралмайды, Алладан сұралады.  Ғұмырын Алла жолына арнаған Ясауидей тақуа жандардың «менен тіле» деп күпірлік етпегені айқын. Ал пайғамбарларды, әулие-тақуа жандарды дәнекер етіп, «солардың құрметі үшін дұғамды қабыл ете гөр» деп тәуәссул жасау үрдісі исламға жат емес.

«Арыстанбабта түне, Ясауиде (Алладан) тіле» сөзінің шығу төркіні жоғарыдағы аманат-құрма туралы аңызға тіреледі. Арыстанбаб ұзақ жол жүріп, Сайрам жеріне жеткенде алдынан бала Ахмет өзі шығып: «Ата, аманатымды беріңіз!» деп сұраған екен. Арыстанбаб қаншама жыл тілінің астына сақтап келген құрманы бергенде, бала оны жұтып жіберіп, бұрыла беріпті. Арыстанбаб: «Балам, сонша жыл сақтап келгенде маған бір ауыз жылы сөз айтпадың ғой» дегенде, бала Ахмет: «Қалай айтамын, сіз бар маңызын сорып, маған тек сүйегін қалдырыпсыз. Жарайды, сізге барып түнесін, бізге келіп (Алладан) тілесін» деген екен. «Арыстанбабта түне, Ясауиде (Алладан) тіле» деген сөз содан қалыпты деседі. Ал кей аңыздарда Әзіреті Сұлтан дүниеден өтерде «Маған келетін адам алдымен Арыстанбабқа зиярат етсін» деп аманат еткен екен деседі. Осы аңызға ұйыған халық алдымен Арыстанбабқа түнеп, содан кейін Ясауиге келіп, осы әзиздердің құрметі үшін қабыл етуін Алладан сұрап, тілек тілейтін зиярат әдебін қоштап, ұнатқан. Бірақ бұл тәртіп қатаң сақталатын қағидат емес, мүмкіндігіне қарай жасалатын әдеп ретінде қалыптасқан.

А.Әбдірәсілқызы

 

 

7. Кішкентай кезімізде ата-апаларымыз «көз тимесін» деп маңдайымызға қара күйе жағып қоятын. Көз тиюден осылай қорғануға бола ма? Көзмоншақ, тұмар туралы исламда қандай көзқарастар бар?

«Көз тию», «назарлану» деген құбылыстың бар екені шындық. Алла жаратқан пенделердің күш-қуаты (энергиясы) мен ниеті әр алуан болады. Кей адамдарды қазақ «назары бар», «көзі бар» деп жатады. Жағымсыз күш-қуаты басым адамның сүйсініп қарағаны да, жақтырмай қарағаны да базбіреулерге назар болып тиюі мүмкін. Әсіресе, қуат өрісі әлсіз балалар мен әйел адамдар жиі назарланады.

«Көз тию – ақиқат» деген Пайғамбарымыздың хадисі бар. Әр елдің салтына қарай көз тиюден түрліше сақтанады. Қазақта назарды әшекейге аудару үшін қыз балаға, әйел адамға көзмоншақ пен әртүрлі алқа-тана, өңірлік, сырға, білезіктер тағу кең таралған. Осыған байланысты халқымызда «көздің жауын алады» деген тұрақты тіркес қалыптасқан. Яғни адамға алғаш қадалған назар көзмоншақтар мен әшекейлерге ауып, оның күші қайтады, екінші рет адамға назар аударғанда бұрынғыдай сұғы қатты болмайды деп саналады. Яғни көзмоншақ адамды қорғайды деп емес, назарды өзіне аударады деп түсіну қажет.

Сонымен қатар баланы (негізінен ұл баланы) көзге түспейтіндей етіп, қораш киіндіріп қою, маңдайына күйе жағу арқылы оған назарды аудартпауға тырысу да халқымызда бар. Қазақта балалары тұрмай шетіней берген жағдайда «Елемес», «Елеусіз», «Жаманбай», «Ескермес» секілді аттар қою арқылы назардан қашуға болады деп ырымдалған. Дегенмен бұл орайда ырым дегеніміз – сенім емес екенін ескеру керек. Ал бұл мәселеге исламның көзқарасына келсек, Пайғамбарымыздың хадисінде айтылғандай ата-ананың баланың алдындағы үш парызының бірі – перзентіне жақсы ат қою делінеді.

Пайғамбарымыздың кезеңінде де көз тию оқиғалары болған. Ол тұста араб жұртында назары тиді деп шүбаланған адамның жуынған суымен назарланған адамды жуындыру әдеті бар болатын. Оны Пайғамбарымыз да құптап: «Сендерден көз тигені үшін жуыну талап етілсе, жуыныңдар!» деген хадис қалдырған. Теріс дұға мен назардан қорғаныш ретінде Пайғамбарымызға «Фәлақ», «Нас» сүрелері түсірілгені белгілі. Сол себепті көз тигенде Құран сүрелерімен дем салу кең таралған. Сонымен қатар Пайғамбарымыздың жатар алдында «Ықылас», «Фәлақ», «Нас» сүрелерін үш реттен оқып, қолына дем салып, жүзін, денесін сипағаны жөнінде сүннетке қатысты дереккөздерінде жиі айтылады. Құранның шипа болып табылатыны жөнінде «Фуссилат» және «Исра» сүрелерінде аяттар бар. Ал баланың жүзіне (иегіне) күйе жағу арқылы назардан сақтануды Осман ибн Аффан сахаба ескерткен.

Қазақта көз тигенде дем салдырып, тұзды суға шомылдырып, басынан тұз айналдырып отқа тастап, хош иісті шөптермен аластап жатады. Бұлардың ішінде дем салудың шариғатта бар екені жоғарыда айтылды, ал хош иісті шөптерді түтетіп, науқас адамды, үй ішін аластауды бірқатар ислам ғалымдары жындарды аластауға септігін тигізеді деп санайды. Пайғамбарымыз хош иісті ерекше ұнатқан. Сонымен қатар: «Әрбір адамның жүрегінде жын иектеу мен алапестіктің ұрығы болады, одан айығудың жолы – нарцисс гүлін иіскеу» деген хадис те бар. Ғасырлар бойы хош иісті шөптер мен гүлдер адам жүйкесінің зорығуын басу, тыныштандыру, сергіту, бас ауруы, тұмау, т.б. көптеген аурулардан айықтыру мақсатында қолданылып келеді. Қазіргі медицинада хош иістің науқастың көңіл-күйін жақсартып, сауығуына әсер ететіні дәлелденіп, «ароматерапия» атты арнайы сала қалыптасқан. Ал тұздың емдік және тазартушылық қасиеті дәстүрлі медицинада ертеден кең пайдаланылып келеді. Көптеген дәрі-дәрмектердің құрамына тұз қосу, тұздың жеке өзін емге пайдалануды былай қойғанда, тұзды сумен шомылу, тұзды ванна қабылдауға да медицинада ерекше мән беріледі. Назар аударатын тағы бір мәселе ат қоюға байланысты. Қазақтың жоғарыда айтылған елеусіз аттар қою арқылы назардан қашатыны секілді, заманауи психотерапия мен парапсихология мамандары да адам сәтсіздіктен арылмай қойған жағдайда атын ауыстыруды ұсынуда.

Ал тұмар тағу жөнінде ислам ғұламалары тарапынан екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Бір тобы Пайғамбарымыздың тұмарға қатысты: «Кім тұмар тағатын болса, Алла оған денсаулық бермесін», «Кім тұмар тақса, Аллаға серік қосқаны» деген хадистеріне қарап, тұмар тағуды түбегейлі теріске шығарады. Екінші топ ғалымдары дәл осы хадистерге сүйене отырып, оларда Құран аяттары жазылған тұмарлар емес, басқа тұмарлар туралы сөз болып отырғанын, ал Құран аяттары жазылған тұмарды таққан адам Аллаға сенгендіктен, «Құран аяттары жанымда жүрсін» деп ізгі ниет еткендіктен тағатынын айтып, оны ислам шариғатына қайшы емес деп тапқан.

Дегенмен ғұламалардың басым көпшілігі «Құран аяттары жазылған тұмарды негізінен балаларға таққан дұрыс, ал ересек адамдар Құран аяттарын жаттап алып, үнемі қайталап жүргені абзал» деп тұжырымдаған. Яғни бұл орайда да атамыз қазақтың жеті рет өлшеп, бір рет кесетін дағдысымен шариғаттан шалыс кетпегенін аңғаруға болады.

А.Әбдірәсілқызы

 

 

8. «Түкірту», «дем салдыру» деген түсініктер бар қарапайым отбасыларда. Баланың қызуы көтерілсе де, мазасызданып жыласа да қазақшылығы бар кісілерге ала жөнеледі. Бұл дұрыс па?

Дем салу ислам шариғатына жат емес. Ол Пайғамбарымыздың сүннетінен бастау алған. Құранның шипа болып табылатыны жөнінде арнайы аяттар түскен. Пайғамбарымыз өзіне және отбасы мүшелеріне Құран аяттарымен және арнайы дұғалармен дем салған. Сонымен қатар Пайғамбарымыздың жатар алдында «Ықылас», «Фәлақ», «Нас» сүрелерін үш реттен оқып, қолына дем салып, жүзін, денесін сипағаны белгілі. Сүннетке сәйкес дем салу мұсылмандар арасында кеңінен тараған. Муслим риуаят еткен Пайғамбарымыздың хадисінде: «Ішінде серік қосу сөздері болмаған дұғалармен емделудің әбестігі жоқ» делінген. Дегенмен дем салудың өзіндік тыйымдары да бар.  Дем салу тек Құран аяттарымен және сахих хадистерде келген, шариғатта бекітілген дұғалармен жүргізіледі. Құранда жоқ, шариғатта бекітілмеген мағынасыз сөздерді қолданып дем салу харам деп саналады. Дем салу кезінде Аллаға ғана дұға етіп, жәрдем тілеу қажет.

Құран аяттары мен тиісті дұғаларды білетін әрбір адам өзіне-өзі дем сала алады. Білмеген жағдайда өзгелерге дем салдырудың да әбестігі жоқ.Қазақ ілім иесін, Құран сөзін сыйлағандықтан әдетте молдаларға, арабша оқуы бар адамдарға дем салдыруды жөн көреді. Аяттар мен дұғалардың дұрыс оқылуының мәні зор екенін ескерсек, арнайы білімі бар адамның дем салуы шынында да абзалырақ. Ал демнің шипа болмағы – Алла Тағаладан.

Дем қалай салынады дегенге келсек, Пайғамбарымыз әдетте қолын ауырған жерге қою арқылы дем салған. Кейде қолына дем салып, жүзіне, денесіне сүрткен. Жын иектеген кей адамдардың аузын ашып, үшкіріп, дем үрлеген. Қазақта негізінен үшкіру (дем үрлеу) әдісімен дем салады.

Ал түкірту – қазақтың төлтума дәстүрі. Қазақта көз тиюді «ит тию» деп атайды, көз тиген балаға түкіріп беретін адамдарды «итке түкіреді» деп атайды. Үлкейгенде итке түкіретін болсын деп, баланың құлағын иттің жүнімен тесіп жатады. Көз тигенде түкірту үшін осындай құлағы иттің жүнімен тесілген немесе назары бар (көзі тиетін) адамдарға апарады. Олар өздері білмеген жағдайда арнайы аят-дұға оқымаса да Алланың атымен: «Ағузу биллаһи минаш-шайтанир-ражим бисмиллаһир-рахманир-рахим» деп бастап, түкіріп жатады. Мұндай әрекеттердің шипасы болу-болмауы бір Аллаға аян, дегенмен бұл халықтың шипа табу ниетінен туындаған, исламмен астасып, жалғасып келе жатқан бір дәстүрі болып табылады.

А.Әбдірәсілқызы

 

 

9. Соңғы кездері беташар, сәлем салу сияқты атам заманнан бері келе жатқан жөн-жоралғыларға қарсы тұратындар бой көрсетуде. Сонда осы дәстүрлердің орындалуы күнәға алып бара ма?

Ислам діні аясында ұлт болып қалыптасқан халқымыздың салт-дәстүрлері ғасырлар бойы ислам қағидаларымен біте қайнасып кетті. Жаһандану үдерісі белең алған бүгінгі дәуірде өкінішке орай радикалды ағымдардың жетегіне ерген кейбір қандастарымыз өз қорасына шапқан қасқырдай қазақ дүниетанымындағы дін мен дәстүр бірлігіне шабуыл жасауда.  Қазақты исламға жаңа кірген ел секілді көрсетіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді, ғұламалар жүрген жолды мансұқтап, дәстүрлі құндылықтарды күйрету белең алып отыр. Қазақ мұсылмандық мәдениетін жоққа шығаруға бағытталған әрекеттердің ең пәрменді құралы ретінде олар ұлттың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін ешбір шариғи негізсіз исламға қарсы қойып, күпірлік пен надандықтың, Аллаға серік қосудың көрінісі ретінде айыптауда. Соның бірі – беташар дәстүрі мен келіннің сәлем салуы.

Ұлттың мінезі мен дәстүрлері – егіз ұғым. Бірінен бірі туындап, бірін-бірі қалыптастырып жатады. Қазақы мінез бен дүниетанымда ізет пен құрметке ерекше мән беріледі. «Қазақы мінез» деген ұғымның өзі кішіпейілділік, дархандық, еркіндік тәрізді кесек мінездермен айқындалады. Сол қазақы мінездің тінін құраған кішіпейілділіктің көрінісі іспетті дәстүрлердің бірі – келіннің сәлем салуы. Әрбір амал ниетімен қайырлы, ал құрметтеу ниетімен сәлем салудың рукуғ немесе сәждеге жығылумен бір еместігі, табыну ниетінде жасалмағандықтан, Аллаға серік қосумен үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны айдан-анық. Көрнекіден көмескі жасап, сау адамды ақылынан адастыратын жалған үкімдер жасаушылардың түпкі ниеті – дәстүрлі құндылықтарға сына қағып, ішкі тұрақтылыққа нұқсан келтіру.

Иіліп сәлем беруді «ширк» – Аллаға серік қосу деп таныған бірде-бір шариғи үкім жоқ. Ислам ғалымдары иіліп сәлем беруге қатысты төмендегі жалғыз хадисті келтіреді. Пайғамбарымыздан бір кісі: «Бізден (мұсылмандардан) бір кісі өзінің бауырымен яки досымен ұшырасқанда оған иіле ме?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Жоқ» дейді. «Оны құшақтап, сүйеді ме?» деп сұрағанда да Пайғамбарымыз: «Жоқ» дейді. «Қолын алып, амандасады ма?» деп сұрайды әлгі кісі. Сонда Пайғамбарымыз: «Иә» деп жауап береді.

Исламтанушы ғалымдар бұл хадисті төмендегіше талдайды. Біріншіден бұл хадисті ғұламалар «сахих хадистер» қатарына жатқызбаған, ол хасан немесе әлсіз хадистер қатарына жатады. Екіншіден, хадисте тыйым салу мағынасындағы ешбір сөз қолданылмаған, яғни иіліп сәлемдесуді харам деп танитын ешбір негіз жоқ. Үшіншіден, «жоқ» деген сөздің тыйым салуға жатпайтынын осы хадисте «жоқ» делінген құшақтап, бетінен сүю әрекетін Пайғамбарымыз бен сахабалары да жақындары алыс сапардан келгенде қолданған. Демек, бұл хадисте сұраушының нақты сауалына ғана қатысты жауап берілген, яғни мұсылмандардың бір-бірімен күн сайын көріскенде әдетке айналдыруы тиіс амал ретінде қол алып, амандасу құпталған. Ал әр күн сайын бір-бірімен құшақтасып көрісу немесе жолыққан сайын иіліп сәлем беру сүннет те, міндет те емес, бірақ ол екеуі харамға немесе ширкке де жатпайды.

Қазақта әйел адам ерлермен қол беріп амандаспайды. Бірақ ерлерді көргенде ерін ұшымен ғана амандасып, илікпей қарап та тұрмайды. Келіннің ізетпен иіліп сәлем салуын былай қойғанда, қыз балалар да ерлермен амандасқанда құрмет белгісі ретінде басын иген. Жас жігіттер де, орта жастағы ер адамдар да көпшіліктің, өзінен үлкендердің арасына келгенде қолын кеудесіне қойып, иіліп сәлемдескен. Мұның әдептіліктің, терең мәдениеттің белгісі екендігін дәлелдеп жатудың өзі артық.

Бүгінгі әншілер де халыққа құрмет көрсетіп иіліп жатады. Оны ешкім күпірлікке шығармайды. Мұсылман мемлекеттеріндегі заманауи шайхтардың мұндай амалдарды шариғатқа қайшы санамайтын пәтуалары да бар. Ең бастысы – «құлшылық әрекетіне жататын намаздағы рукуғ дәрежесінде дейін иілмеген жөн» делінеді.

Сөз соңында айта кететін тағы бір мәселе бар. Келіннің сәлем салуын «ширк» деп теріске шығару әрекеттер қарсы шабуылға ұшырап, қатаң соққы алғаннан кейін халықтың санасын өзгертудің сәті түспегенін пайымдаған радикалды ағым өкілдері қазір жаңа әдістемеге көшуде. Жақында ғана салафиліктің сойылын соғып жүрген бір замандасымыздың беташар туралы мынадай пікірі жарияланды: «Келіннің бетін ашу неден шыққан? Келін бұрын бұл үйге бөтен адам еді, оның бетіне қарауға болмайтын, сондықтан оның бетін жауып әкеліп, ата-енесінің үйінде ашатын. Бұл «ол енді өзіміздің адамымыз, енді оған қарауға болады» дегенді білдіреді».

Қазақ дәстүрлерін бұрмалап түсіндірудің мұндай мақсатты әрекеттерінің астарында үлкен саясат жатыр. Қазақ қашан өзіне келін болмаған немесе өзімен бір үйде тұрмайтын қыздың бетіне қарауға тыйым салған еді? Жеті атаға дейін қыз алыспайтын, жеті қырды жайлаған жеті атадан қосылатын ағайынның бәрі бір-біріне бауыр саналатын қазақы қоғамның үш ұйықтаса түсіне де кірмеген ой бұл. Рулас қарындасы тұрмақ, қаймана қазақтың қызын да қазақ жат санап, жүзіне қарауға ұялып, жанарын ала қашқан емес. Немесе «өз бауырларынан өзге ешкім көріп қоймасын» деп қызының бетін жауып, тұмшалап та көрген жоқ. Немере ағасының қызына үйлене беретін, өз үйінде өсіп келе жатқан ағасының қызына болашақ әйелі ретінде нәпсі көзімен қарайтын басқа халықтарға тән дүниетанымды қазақы болмысқа таңудың астарында қазақы дәстүрлерге деген көзқарасты өзгерту, оның даналық ғибраты мен даралық сипатын жоққа шығарып, арабтық дүниетанымның көшірмесі етіп көрсету, осындай әрекеттер арқылы ұлттың рухани-мәдени қорғаныс қабілетін әлсіретіп, қолдан жасалған жат құндылықтарды орнықтыру талпыныстары жатыр.

Дін қағидаларының сенімдік жағын діндес ұлттар өзгеріссіз қабылдайды, алайда бір ұлттың дәстүрін екінші ұлт көзсіз көшіре алмайды. Оған дініміз де мәжбүрлемейді. Қазақы болмыстың өзегінен жаралған өз құндылықтары бар. Құндылық – қоғамды қалыптастырған, ғасырлар сынынан өтіп, асылдығын, өміршеңдігін дәлелдеген рухани бағдарлар. Сондықтан қазақтың дәстүрлі құндылықтарының ешбірі ислам шариғатына қайшы келмейді. 

А.Әбдірәсілқызы

 

 

10. «Ай көрдік, аман көрдік, бұрынғыдай заман көрдік, жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке» деп келетін тіркестерді ата-әжелеріміздің аузынан естіп өстік. Үлкендердің ай туғанда өстіп күбірлеуінің себебі неде?

Қазақ – жаратылыстан Жаратушының хикметін тани білген халық. Кез келген құбылысты жақсылыққа ниет етуге, ізгі дұға тілеуге себеп етуге бейімдік қазақтың табиғатында бар. «Ай көрдік, аман көрдік, бұрынғыдай заман көрдік» деп айден айға аман жеткеніне шүкіршілік етсе (ал шүкіршілік тек Жаратушыға айтылады), «Ескі айда есіркедің, жаңа айда жарылқа» деп тағы да Жаратқаннан жәрдем сұраған. Мұның бәрі қазақтың жан дүниесінің тазалығының және ғибадатқа деген шынайы құлшынысының айғағы. Өйткені ғибадаттың ең абзалы – дұға.

Пайғамбарымыз жаңа туған айды көргенде: «Сенің де, менің де Жаратушымыз бір Алла. Туған ай біздің ізгі жолдан адаспауымызға бағыттаушы болсын!» деп дұға еткен екен. Ал ай толған сәтте Пайғамбарымыз: «О, Алла! Ай нұры әлемді тыныштандырсын. Өзіңе адал, бойұсынушы болу үшін бізге медеткер болсын!» деген дұғаны айтатын болған. Яғни ай туғанда дұға етуді де қазақ Пайғамбарымыздың сүннетінен өнеге етіп алған.

Сонымен қатар қазақта «Ай толған сәтте жолға шықпа» дейтін ырым бар. Оның бастауы да сүннетке тіреледі. Пайғамбарымыз ай толғанда үш күн ораза тұтуды өсиет еткен. Өйткені жер бетіндегі сулардың тасуы мен қайтуы айдың толуы мен семуіне байланысты екені белгілі. Құрамы 80 пайыз судан тұратын адам қаны да ай толғанда тасуға бейім тұратынын қазіргі медицина дәлелдеп отыр. Сондықтан ай толған шақ – адамдардың қаны тасып, жүйкесі сыр беріп тұратын жайсыз кезең саналады. Осындай шақта ораза тұтқан адамның қан қысымы өз-өзінен төмендеп, басылады, сабырлылық пайда болады. Ал қазақ мұндай қатерлі кезеңде ұры-қарының, жол тонаушының қолына түсіп қалмау немесе кездейсоқ жанжалға килікпеу үшін бейтаныс жерге жол жүруді жөн көрмеген. Яғни бұл орайда да халқымыз сүннеттен озбаған.

А.Әбдірәсілқызы

 

 

11. Үйленетін болдық. Үлкендер жағы отқа май құю, отпен аластау салтын жасаймыз деп айтты. Шариғат мұндай дәстүрлер туралы не дейді?

Келін босағадан аттап түскенде отқа май құйғызу – қазақтың тәңірлік сенімге иланған кезінен, бәлкім, одан да ертеректен келе жатқан ежелгі ғұрпы. Ритуалдық іс-әрекет ретінде жасалатын мұндай әдеттерді «дәстүр» деп емес, «ғұрып» деп атау қалыптасқан. Бұл жерде ескерілетін басты мәселе – тәңірлік сенімнен қалған ырым-тыйымдардың қазіргі күні ғұрыптық жағы ғана сақталып, сенімдік жағы, мазмұны мүлде өзгеріп кетті. Мұндай ырымдарды қазір ешкім ежелгі түсініктерге негіздеп ұстанбайды. Ақ босаға аттап, отқа май құйып жатқан қазіргі келіндер бұл ырымды от пен майға табынғандықтан емес, ата-баба дәстүрін құрметтегендіктен «бұрынғы-соңғының жолы» деп жасайды. Яғни қазақы танымда қалыптасқан «шырағым сөнбесін», «отым өшпесін» деген игі тілекпен отқа май құяды.

«Оттың өшпеуі», «шырақтың сөнбеуі» қазақ үшін азаматының, отбасының аман болуы, шаңырағының шайқалмауы, ел-жұрттың тыныштығы дегенді білдіреді. Сонымен қатар көшпенді қазақ елі үшін оттың өшпеуі тәжірибелік мәнге де ие болған. Үнемі оттық табыла бермейтін, шақпақ таспен от тұтата алмай қиналатын көшпенді бабаларымыз түнгі оттың қоламтасын күлге көміп, таң атқанша сөніп қалмауын қамдаған. Таңертең оты өшпеген үйдің жылуы кетпейді, от тұтата алмай қиналмайды, дәрет суы дайын тұрады, ас-суын да жылдам даярлайды, яғни әрбір ісінің берекесі болады. Сондықтан оттың өшпеуі сол үйдегі келіннің ширақтығын, ептілігін, іске икемділігін көрсетеді. Оты өшіп қалғандар әдетте таң атпай асығып-үсігіп, көрші үйлерді мазалап, қоламта сұрап жүреді. Қазақтың асығыс жүрген адамға «от ала келдің бе?» дейтіні осыдан шыққан. Осы тәжірибе мен тағылымның барлығы отқа май құю үрдісінде жинақталған. Бұл ғұрыптың астарында «отқа май құйғанда от қалай лауласа, өмірі де солай жайнай берсін» деген ырым да жатыр.

Ырым бөлек те, наным бөлек. Ырым нанымның тікелей көрінісі болса, қазақ екеуіне екі атау бермес еді. Ырымда «осылай етсе, солай болады» деген үзілді-кесілді сенім емес, «осылай етсек, солай болса екен» деген тілек, ниеттену, сұрау тұрады. Оның бәрін адам жақсылықтан үміт күтіп жасайды. Ал жақсылықты жалғыз Жаратушының ғана беретінін атамыз қазақ «Жамандық көрсем өзімнен, жақсылық көрсем құдайдан» деп бір-ақ ауыз сөзбен бекіткен. Ізгі ниетпен жасалған ырымдарды Пайғамбарымыздың да құптағаны «Жаман ырым исламда жоқ. Бірақ маған жақсы ырым, жақсы сөз ұнайды» деген хадистен аңғарылады.

Ал отпен аластау – келін түскенде ғана емес, ел көшкенде, жаңа қонысқа келгенде, адам науқастанғанда, назарланғанда, т.б. жағдайларда жиі қолданылатын ғұрып. Оттың тазартқыш күші, дезинфекциялаушы әсері ежелден белгілі. Ал қазіргі психотерапияда оттың жағымсыз энергияларды жоюға әсер ететіні дәлелденіп, кеңінен қолданылуда.

Адам табиғатында жорамалдауға, ырымдауға бейімдік бар. Сондықтан да Пайғамбарымыздың хадисінде: «Ешбір адам үш нәрседен: жорамалдаудан, күдікті ойдан, қызғаныштан құтыла алмайды» делінген. Ырымға құлай сенуге болмайтыны да осы хадистің жалғасында айтылған. Яғни жоғарыда айтылғандай, ырым – сенімге емес, ниетке қатысты ғұрып. Оның жасалу-жасалмауына адам тағдыры байланысты емес.

Дініміздегі жақсы нәрсені ырымдау жайына келсек, исламтанушы ғалымдарымыз мынадай бір хадисті келтіреді. Пайғамбарымыздың кезеңінде мұсылмандар мен мүшріктер арасында «Худайбия» келісімі жасалған. Сол келісімді жасасуға мүшріктер тарапы Суһайл атты кісіні жібереді. «Суһайл» есімінің мағынасы «жеңілдік» дегенді білдіретін. Оны көрген Пайғамбарымыз сахабаларына: «Істерің алға басып, жеңілдейтін болады. Олардың бұл адамды жібергені келісімді қалағаны ғой» деп, Суһайлдің келуін жақсылыққа жорыған екен.

Көптеген ырым-тыйымдардың негізінде ғылыми-медициналық астар, этикалық-гигиеналық ұстаным бар екені белгілі. «Ақты төкпе», «малды теппе», «күлді шашпа», «көкті жұлма», «күн батарда ұйықтама», «ай толғанда жолға шықпа» секілді ырым-тыйымдардың негізгі мәнін түсіну кімге болса да қиын емес. Бір ғана ай толғанда жолға шықпау ырымы осы кезеңде жер бетіндегі сулармен бірге адам қаны да таситынын, сондықтан адамдардың қақтығысқа, жанжалға бейім тұратындығын білгендіктен айтылған сақтандыру сөз болып табылады.

Қазақтың ежелгі ырымдарының көпшілігі қазір тұрмысымыздан алыстап барады. Сонымен қатар замана ағымымен жаңа ырымдар да бой көрсетуде. Қоғам құндылықтарды өзі сұрыптайды. Қазақ ырым-тыйымдары да өзін-өзі ретке келтіріп, табиғи түрде сұрыпталып жатқан үдеріс. Мұндай үдеріске төңкерісшіл көзқараспен келіп, кесіп-жонып, алып тастау мақсатын ұстанудың мәні жоқ. Ғылыми негізі бар болсын, болмасын – ырымды жасағаннан дін ислам жолынан азып, күпірлікке салынып кеткен қазақ жоқ. Сондықтан жақсылықтан үміттендіретін, ізгі істерге жетелейтін, жан дүниеге сенім ұялататын жағымды ырым-тыйымдар ұлт дүниетанымының ажырамас бір бөлігі ретінде өмір сүруге құқылы. Ал біз назарымызды ғасырлар сынынан өтіп болған қазақ дүниетанымын тергеп-тексеруге емес, ұлт тұтастығына, рухани құндылықтарға, дін мен дәстүр бірлігіне қатер төндіретін құбылыстармен күреске аударуымыз қажет.

А.Әбдірәсілқызы

 

 

12. Осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған атама Құран хатым түсірсем деп едім. Оның дұрыс орындалғанын қалай білсем болады? Құранды кімдер түсіреді?

Сұраққа жауап бермес бұрын өзге оқырмандарға түсінікті болу үшін «Құран хатым» дегеннің не екенін айта кетейік. «Хатым» сөздікте «бітіру, аяқтау» дегенді білдіреді. Ал «Құран хатым» дегеніміз – Құранды бастан аяқ оқып шығу деген сөз. Ал Құранды оқу құлшылық болып саналады. Құранның қай сүресі, қай аяты оқылса да оқыған адамға сауап жазылатыны хадистерде айтылған. Тіпті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Кімде-кім Алланың кітабынан (Құраннан) бір әріп оқитын болса, оған бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылық он еселенеді. Мен әлиф, ләм, мимді (бәрін қосып) бір әріп демеймін, әлиф – жеке әріп, ләм – жеке әріп, мим – жеке бір әріп. (Әрқайсысына жеке сауап жазылады)» деген (Тирмизи, «Сүнән»).

Яғни, Құран оқу намаз, ораза секілді құлшылыққа жатады. Ал құлшылықтан болатын сауаптарды қайтыс болған адамдардың рухына бағыштауға болады. Әһлус-сунна ғалымдары оқылған Құран сауабының марқұмдарға тиетінін бірауыздан мақұлдаған.

Құран Кәрімді оқып, сауабын бағыштау қайтыс болған кісінің артынан жасалатын құптарлық іс болып табылады. Құран Кәрімді дұрыс оқи алатын кез келген мұсылман хатымды түсіре алады. Тек қана мешіттегі молда оқу керек деген үкім жоқ. Негізінен кез келген мұсылман баласы Құранды өзі оқи алуы тиіс. Ал өзі оқи алмаған жағдайда мешіт қызметкерлері, қарилар, медреседе Құран оқуды дұрыс меңгерген шәкірттер т.б. секілді діни сауаты бар сенімді кісілерге осы істі тапсыру арқылы хатымның дұрыс орындалғандығына көз жеткізуге болады.

 А.Әділбаев

 

 

13. Адам о дүниеге аттанғаннан кейін жыртыс, теберік беру, киім тарату сияқты үрдістер орын алып жатады. Бұл шариғатқа қайшы емес пе? Ал қаралы үйде тамақ пісіру исламға қайшы келмей ме?

Қайтыс болған кісінің артынан жыртыс, теберік, киім тарату қазақ халқының салт-дәстүріне сіңісіп кеткен үрдістер. Мұның бәрін мұсылман халқымыздың қайтқан кісінің атынан садақа беру ниетімен жасайтындығы белгілі. Ислам діні бойынша қайтыс болған кісінің атынан садақа беруге болады және оның сауабы өліге тиеді деп есептеледі. Бір күні Пайғамбарымызға (с.а.у.) бір кісі келіп: «Менің әкем қайтыс болды. Артында дүниесі қалды. Артында қалған дүниесін (пәлен жерге берілсін) деп өсиет етпеді. Егер мен оның орнына садақа берсем, күнәлары кешіріледі ме?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Иә» деп жауап қатады (Муслим, «Сахих»). Осы хадисте садақаның дүниеден өткен кісіге арналып жасалғанда сауабының оған жететіндігі айтылған. Ахмад ибн Ханбал бұл жайында: «Бағышталып жасалған барлық жақсылықтың сауабы өліге тиеді. Өйткені ол  жайлы хадистер бар» деген (Сайд Сабиқ, «Фиқһус-сунна»).

Фиқһ ғалымдары садақа сауабының өліге тиетіндігін айтқан. Сондықтан жыртыс, теберік, киім таратудың бәрі садақа ниетімен жасалғанда, сауабы өліге тиеді. Яғни бұл амалдар садақа ниетімен жасалуы қажет. Осындай ниетпен жасалғанда шариғатқа ешқандай қайшылығы жоқ, қайта керісінше, құп көріледі. Бірақ бұл амалдар шамасы келмейтін адамдарға жүктелмейді. Яғни шамасы келетін адамдар ғана жасауына болады, ал шамасы жетпейтіндерді дініміз бұған мәжбүрлемейді.

Ал қаралы үйде тамақ пісіруге келетін болсақ, ислам діні бойынша ол үйде тамақ пісіріп, қонақтарға дастарқан жаю емес, керісінше көңіл айтып келген туыстары мен көршілерінің қаралы үйге тамақ ала келуі өсиет етіледі. Тіпті сахаба Жағфар қайтыс болғанда Пайғамбарымыз (с.а.у.) айналасындағыларға: «Жағфардың үйіндегілерге тамақ әзірлеңдер, себебі олардың басына бір қиындық туды» деген. (Әбу Дәууд, «Сүнән»). Алайда алыстан кісілер келгенде оларға тамақ берудің ешқандай сөкеттігі жоқ. Бұл туралы Жәрир ибн Абдуллаһ: «Егер тамақ пісіру қажет болса, пісіруге болады. Себебі қаралы жерге жаназа үшін және көңіл айту үшін ауылдардан және алыстан келетіндер бар. Олар сол жерде қонақтап қалатын болса, онда тамақ пісіріп, оларды тамақтандыруға болады» деген (Уәһбатуз-Зухайли, «әл-Фиқһул-исламии»).

Алайда қазіргі кезде қаралы үйлерде «басқалардың алдында ұятқа қалмайық», «жұрт күлмесін» деген оймен той секілді дастарқанды жайнатып тастайтын әдет белең алып барады. Өзі қара жамылып, қайғыға батып отырған шаңырақ дастарқандарын жайнатып қою үшін шығынға белшеден батып, кейбіреулері қарызданып, қайғысына қайғы жамайды. Бұл, әрине, дін тұрғысынан да құптарлық дүние емес. Сондықтан ауыл ақсақалдары мен молдалары ақылдаса отырып, осыны болдырмаудың жолын қарастыру қажет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осыған қатысты арнайы пәтуа дайындап, оны халыққа түсіндіру жұмыстарын барынша кең көлемде жүргізгені жөн.

 А.Әділбаев

 

 

14. Үйленбекші болып ем. Бірақ мен сүйген қыз өз руласым болып шықты. Ата-анамыз қарсы. Ал намаз оқитын кей бауырлар «исламда бір анадан тумаған болсаңдар, сүт бауыр болмасаңдар үйлене беруге болады» дегенді айтады. Не істеген жөн? Ислам руға қалай қарайды?

Мұсылман құқығында мына адамдардың бір-бірімен үйленуіне тыйым салынады: «Әйелдерден әкелерің үйленгендерге үйленбеңдер. Бірақ өткен өтті. Бұл бір арсыздық және жиренішті жаман жол. Сендерге аналарың (әке-шешелеріңнің аналары), қыздарың, (ұл-қыздарыңның қыздары), қыз туыстарың (әке-шешесі бір немесе бөлек), әкелеріңмен туысқан әйелдер, шешелеріңмен туысқан әйелдер, еркек немесе қыз туыстарыңның қыздары (олардың қыздары), сүт емізген аналарың, жақындасқан әйелдеріңнің (бұрынғы ерінен болған) қолдарындағы өгей қыздарың, егер жақындаспаған болсаңдар, сендерге бір оқасы жоқ. Бел балаларыңның әйелдері және екі қыз туысқа бірге үйленулерің арам қылынды... («Ниса» сүресі, 22-23 аяттар).

Жаббар Хақтың бұл үкімдері сөз жоқ адамзат баласы үшін үлкен жаңалық болатын. Өйткені, исламға дейін арабтар және өзге де кейбір халықтар өгей шешемен және кейбір туыстарымен үйлене беретін. Ал қазақтың экзогамиялық сипаттағы «жеті атаға дейін қыз алыспау» дәстүріне келетін болсақ, бұл салттың дінге қайшылығы жоқ. Рас, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) өзінің қызы Фатима анамызды немере інісі Әлиге (р.а) үйлендірген. Осыған қарап, «жеті атаға дейін қыз алыспау» дәстүрін шариғатқа қайшы дейтіндер бар. Діни үкім мен дәстүрді бұлай бір-біріне қарсы қою әсте дұрыс емес. Себебі, жоғарыдағы «Ниса» сүресінде некелесуге тиымның ең төменгі шегі белгіленген. Ал бұл шектің тысындағы дәстүрге негізделген тиымдарды дінге қарсы деп айта алмаймыз.

Ханафи мәзһабындағы үкім берудің жеті қайнар көзінің бірі «урф» бойынша, әдет-ғұрып қағидалары дін негіздеріне қайшы келмесе, онда қоғамдық қатынасты ғұрып бекіткен құндылықтармен де реттеуге болады. Жалпы, «жеті атаға дейін қыз алыспау» салтын шариғаттағы жақын туыстар арасындағы тиым салынған некелік қатынасты одан әрі бекемдей түсетін қағида деп қарастырғанымыз жөн.

М.Исахан

 

 

15. Менің қызым қазір бой жетіп келеді. Өзі намазын үзбей оқиды. Араласатын достарының бәрі намаз оқымайды. Қазір қызымызға бір отбасы құда түсіп жатыр. Алайда балалары намаз оқымайды. Біз қызымызды ондай жігітке бергіміз келмейді. Қызымның намаз оқымайтын жігітке тұрмысқа шығуына бола ма?

Үйлену – Хақ Елшісінің (с.а.у.) сүннеті. Тіпті, үйлену кейде қажетті жағдайда уәжіп һәм парыз болуы да мүмкін. Ал, «намаз оқымайтын жігітке тұрмысқа шығуына бола ма?» деген мәселенің жауабы күрделі. Намаз оқу – ақылы толысқан һәм балиғат жасына жеткен әрбір мұсылманға парыз. Намаздың парыз екендігі аят, хадис және ижмамен дәлелденгендіктен, оны жоққа шығару діннен шыққанмен тең саналады. Ал намазды жоққа шығармағанмен, оны көпе-көрінеу қаза қылу пасықтық болып есептеледі. Бұл туралы Құранда: «Олар жәннатта тұрып күнәһарлардан: «Сақар жаһаннамға түсулеріңе нендей себеп болды?» деп сұрайды. Сонда олар: «Біз намаз оқымайтын едік» деп жауап қатады» («Мүддәссир» сүресі, 40-43-аяттар) деп, намаз оқымаудың ақыретте жазасының ауыр болатындығы қатаң ескертілген. Ал сүннеттен дәлел келтіретін болсақ, Хақ Елшісі (с.а.у): «Әдейі намазды тастаған адамға Алла мен Пайғамбардың көмегі болмайды», (Бухари, «Мауақит», 15, 34; Насаи, «Салат», 15) деп бұйырады.

Демек, мұсылман кісіге бес уақыт намаз оқу талассыз парыз ғибадаты саналады. Бірақ, ханафи мазхабында иман мен амал бөлек қарастырылатындықтан, намазсыз мұсылманды кәпірге шығаруға болмайды. Сондықтан, құда түсіп келіп отырған бейнамаз жігіт кәлима шаһадат еткен жан болса, онда ол жігітті мұсылман емес деп айтуға болмайды. Дегенмен ислам патриархалды отбасы түрін жақтағандықтан, отағасы жарынан рухани жағынан биік тұрса, құба-құп. Осы себептен де, «бейнамаз жанға намазханды қосуға болмайды» деп кесіп тастағаннан көрі, күйеу болуға талаптанған азамат алдағы уақытта өзінің рухани кем-кетігінің орнын толтырып жатса, лайықты жар болуына мүмкіндік беру керек.

М.Исахан

 

 

16. Үлкендердің Құран оқылғанда пышақты жасырып қоятыны бар. Исламда оған қатысты пәтуа бар ма?

Кез келген халықтың өмір сүру ерекшелігіне байланысты өзіндік салттары мен ырым-тыйымдары қалыптасатындығы ақиқат. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар демекші, кей дәстүрлер уақыт талабына сай өзгеріп, кейбірі ұмыт қалып жатады. Сегізінші ғасырдан бастап ислам дінін қабылдаған халқымыздың арасында исламның келуімен көптеген ескі әдеттердің өзгеріп, шариғатқа қайшы келмегендерінің жалғасын тапқандығы белгілі. Сондай ырымдардың бірі – Құран оқылғанда пышақты алып тастау.

Негізі кез келген ырым немесе тыйымның астарында өмірлік тәжірибе бар. Пышаққа қатысты ел арасында пышақтың жүзін жоғары қаратып қоймау, пышақты сабы жағымен беру, біреуге пышақ кеземеу, кішкентай бала түнде шошымасын деп жастығының астына пышақ қою, т.б. деген секілді ырымдар тараған. Негізінен ислам фиқһына қатысты әуелгі кезеңдегі классикалық фиқһ кітаптарында Құран оқылған кезде пышақ, сүйек болмасын немесе ыдыста тамақ тұрмасын деген ешқандай пәтуа жоқ. Алайда, оның астарында бәрібір исламдық элементтер бар. Мәселен, хадисте сүйектің жындардың азығы екендігі айтылған. Сонымен қатар асты алып кетудің де түбінде дастарханның таза болуына мән беру жатыр.

Ал пышақ мәселесіне келсек, ол Құран оқыған кезде жын соққан адамдар құтырып кетіп, сол пышақпен айналасындағыларға қатер төндіруі мүмкін деген сақтықтан туындаған орынды әрекет. Құран оқыған кезде әлгіндей кісілердің арқасының қозып, құтырып жататындығы көптеп кездесетіндіктен, бұл – өмір шындығымен расталған жағдай. Сондықтан, Құран оқылатын кезде сақтық ретінде пышақты жинап тастау қажет.

 А.Әділбаев

 

 

17. Жұмада мешітке арнайы барып Құран оқытамыз. Сол кезде молдаға ақша береміз. Басында жанымдағыларға қарап бере салатынмын. Қазір бұл әрекетім дұрыс па, жоқ па деп ойланатын болдым. Мұның дінге қайшылығы жоқ па?

Бұл сұрақтың астарында үш мәселе жатыр. Соларға қысқаша жеке-жеке тоқталайық. 1. Жұма күні мешітке бару 2. Құран бағыштау 3. Құран бағыштағаны үшін молдаға ақша беру.

1. «Алла елшісі (с.а.у.): Шынында, апта ішіндегі ең қайырлы (сауапты) күндерің – жұма күні» деген. Ал жұма күнгі жасалған жақсылықтардың сауабының көптігі – өз алдына жеке мәселе. Халық жұма күнінің қасиетіне сенгендіктен осы күні жақсылық жасап, садақа бергенді жөн санайды. Бұл дұрыс-ақ. Алайда ислам шариғатында «Жұма күні мешітке барып Құран оқытыңдар» деген ешқандай бұйрық та, нұсқау да жоқ. Сондықтан мұсылман адам тек қана жұма күні жеті шелпек пісіріп, Құран бағыштаумен шектелмей, діннің негізгі парыздарын (соны ішінде жұма намазын) өзі орындауы қажет. Өкінішке орай, діни сауаттың төмендігінен жеке құлшылықтарға мән бермей, садақамен ғана құтылып кетеміз деп ойлайтындар бар.

2. Құран оқып, ата-бабаларға бағыштау үшін мешітке бару да міндетті емес. Кез келген мұсылман баласы Құранды өзі оқып, өзі бағыштаса да сауабы ата-бабасына тиеді. Қайтыс болған кісінің артынан бағышталып оқылған Құран сауабының оған жететіндігіне мұсылман ғалымдары келіскен.

3. Құран оқығаны үшін ешкім ақша талап ете алмайды. Ал мұсылмандардың ақша беру себебі Құран оқығаны үшін емес, ата-анасының артынан садақа беру немесе қандай да бір жақсылықтың алдында ниет етіп, садақа беру немесе садақаның өмірді ұзартатындығына сену. Бұған ешқандай тыйым жоқ. Айта кетер тағы бір нәрсе, біздің еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан, мемлекет мешіттерге көмектесе алмайды. Ал, мешітке халық қолдау көрсетпесе мешіттің суы, жылуы, тазалығы және т.б. көптеген мәселелер шешімін таппай қалатыны белгілі. Ал мұсылмандардың Құран оқыту кезінде берген садақасы садақа жәшігіне салынып, мешіт қызметкерлері оны он адамнан құралған ақылдастар алқасымен санап алып, қажеттеріне жұмсайды. Сондықтан берген ақшаны Құран үшін деп емес, садақа ниетімен беру қажет.

   А.Әділбаев

 

 

18. Жыл сайын 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын аза тұтамыз. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары халқымыздың ширегіне жуығы және ұлт зиялылары қолдан жасалған зұлматтан қырғын тапты. Осы қырғында жан-тәсілім еткен ата-бабаларымызды шейіт деп айтуымызға бола ма?

«Шейіт түсті» деп дін үшін және қасиетті мұрат жолында жан-тәсілім еткен баһадүрлерді айтамыз. Құран Кәрімде шейіт түскендер туралы: «Алла жолында өлтірілгендерді «өлді» демеңдер. Жоқ, олар тірі. Бірақ, сіздер оны білмейсіздер («Бақара» сүресі, 154 аят) деп бұйырылады. Жалпы, ханафи мәзһабының ғұламалары «шейіт» ұғымын үшке бөліп қарастырады: біріншіден, дүние ісі және ақыреті үшін шейіт болғандар. Яғни, дүние ісі болса да, әділдік үшін азап көріп, содан жаны қиылса, Құдай жолында құрбан болған саналады. Сондай-ақ, хақ дін үшін қан-майданда жанын пида етсе және иманы мен ар-ұжданы үшін тауқымет тартып қаза болса, шариғатымыз бойынша бұлай жан-тәсілім ету күмәнсіз шейіт түскен болып есептеледі. Екіншіден, ақыреті үшін шейіт болғандар. Олар ислами сенімі үшін физикалық тұрғыда жәбір-жапа шегіп, осы зорлықтан өліп кетсе, Құдай жолында құрбан болған саналады. Тіпті, ауыр азаптан аман қалып, соңынан қайтыс болса да, Тәңір жолында тартқан тақсыреті ескеріліп, шейіт түскендердің санатына жатқызылады. Үшіншіден, дүние ісі үшін құрбан болғандар бір қарағанда хақ дін үшін жанын қиған болып көрінсе де, ниеті шейіт түсу болмағандықтан, ол адам шейіттердің санатына кірмейді. Тіпті, кейінгі толқын оның сыртқы тұрпаты мен жасаған ерлігіне қарап, шейіт деп еске алса да, ол адам бәрібір ақыретте шейіттердің сапында бола алмайды. Ал, ХХ ғасырдың 30-шы жылдары ашаршылықтан қырылған халықты һәм саяси зұлматтан қаза тапқан ұлт зиялыларын шейіт деуге бола ма деген мәселеге келетін болсақ, шейіт болудың бірінші шарты жаны қиылған адам момын-мұсылман болуы шарт. Аллаға шүкір, қазақ халқы мың жылдан бері ислам дінін ұстанып келеді. Яғни, өткен ғасырдағы зұлматқа ұшыраған халқымыздың зиялылары толығымен мұсылмандар болатын. Екіншіден, кеңестік жүйе қазақ халқын отырықшыландыру кезінде тігерге тұяқ қалдырмай, мал-мүлкін тәркілеп алды. Соның әсерінен 1932-жылғы қуаңшылықта халық аштықтан тіске басар талғажау таппай қырылып қалды. Қызыл үкіметтің зорлық-зомбылығына қарсы тұрған бас көтерген азаматтарды жазалаушы отряд «банды» деп атып тастап жатты. Шынтуайтында, олар «банды» емес, халықтың ар-ұжданы мен мал-мүлкін қорғаған азаматтар еді. Әбу Һурайрадан жеткен бір хадисте: «Бір сахаба Хақ Елшісінен (с.а.у): «Менің мүлкіме біреу қол сұғып, оған мен қарсы тұрып, содан өліп кетсем, не болады?» деп сұраған. Сонда, Пайғамбарымыз (с.а.у): «Онда сен шейіт боласың» (Мүсілім, «Иман», 225) деп жауап берген. Олай болса, қызыл үкімет мал-мүлкін күшпен тартып алғанда ашаршылыққа ұшыраған халықты және әділдік үшін шыбын жаны қиылған азаматтарды шейіт деп айтуға толық негіз бар деуге болады.

 

М.Исахан

 

 

19. Базбіреулердің көзқарасынша ислам мәдениетіне Мәуліт мерекесін түркілер енгізген көрінеді. Шынында да солай ма? Ал, түбі түркіден тарайтын біз – қазақ халқы Мәулітті тойлағанбыз ба?

 

Ислам мәдениетіне Мәулітті түріктер енгізді деп кесіп-пішіп айтуға болмас. Мәулітте оқылатын Адамзаттың ардақтысы (с.а.у.) хақындағы бәйітті алғаш рет Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) көзі тірісінде Хасан ибн Сәбит атты ақын сахабасы шығарған. Егер Мәуліт жырын оқу дін негіздеріне қайшы болса, Хақ Елшісі (с.а.у.) өзі туралы өлең шығаруға тиым салған болар еді. Ал, Мәуліт мерекесінің тарихына келер болсақ, бұл мерекені бүкіл халық болып ресми түрде тойлауды іске асырған селжұқ әмірлерінің бірі – Мұзаферуддин Көкбөрі еді.

Мұзаферуддин Көкбөрі Селжұқ түріктерінің Ербил тайпасының Бәйтік әулетінен және осы тайпаның биі болатын. Сонымен бірге, Аюб мемлекетінің сұлтаны Салахаддиннің жездесі еді. М.Көкбөрі шынайы бір мұсылман болған. Ол Хақ Елшісін (с.а.у) бар ынтасымен жақсы көрген. М.Көкбөрінің кезінде тұңғыш рет түріктердің мемлекеттік басқару түзімінде Алла Елшісінің (с.а.у) есімі мемлекеттік рәміз ретінде танылды.

Мәуліт мерекесін тойлау Осман мемлекеті дәуірінде де ерекше қолға алынды. Алты ғасыр бойы Хақ діннің туын желбіреткен Осман билігі Мәуліт мерекесін Пайғамбарымызға (с.а.у) деген ерекше құрметтің символы ретінде қабылдады. Тарихи деректерге қарасақ, Хақ Елшісінің (с.а.у) туған күнін Ыстамбұлдағы Сұлтан Ахмет мешітінде падишаһ, шейхулислам, уәзірлер, әмірлер, мәшһүр ғалымдар мен дегдарлар және қалың бұқара ерекше мереке ретінде атап өткенін көреміз. Яғни, бір сөзбен айтқанда, Осман билігі кезеңінде Мәуліт мейрамының мемлекеттік мереке ретінде танылғанын аңғаруға болады.

Біздің бала күнімізде әрбір жылы рабиғул-әууәл айында ауылдағы көне мешітте шалдар жиналып алып, апталап «Мәуліт» оқитын. Кейін ес білгенде барып аңғардым, шалдардың оқитын «Мәуліт» жыры – Шәді Жәңгірұлының «Сияри-Нәби» шығармасы екен. Демек, Шәді төренің «Мәуліт» жырын жазғанына қарағанда, бұл мерекені Хақ Елшісінің (с.а.у.) үмбеті – Алаш баласы да тойлаған деп болжауға болады. Ендеше, Мәулітті бүгінгі ұрпақтың ұласпалы мереке ретінде тойлауының еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймыз.

М.Исахан

 

20. «Қазақ мәдениеті – қазақтың дәстүрлі діни танымы» деген түсінік дұрыс айтылған ба? Мәдениет пен діни танымды бір деп қарауға бола ма?

«Мәдениет» ұғымының аясы дінмен салыстырғанда анағұрлым кең. Өйткені ол сан салалы рухани және материалдық мәдениетті қатар қамтиды. Осы тұрғыдан алғанда дін рухани мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.

Өз кезегінде діннің қамту аясы да аса кең. Өйткені дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Яғни дін – рухани мәдениет феномені, оның негіздерінің бірі, ол қоғамдағы кез келген феноменнен анағұрлым бай, маңызды және ықпалды. Сондықтан дін барлық қоғамдарда дерлік мәдениет түзуші рухани факторлардың негізгісі ретінде қызмет атқарады.

         Қазақтың дәстүрлі діни танымына да осы тұрғыдан қараған жөн. Әрбір діннің сенім негіздері сол дінді қабылдаған барлық халықтар үшін ортақ. Ал сол діннің аясындағы діни таным әр ұлттың өмірлік тәжірибесіне, дүниетанымдық ерекшеліктеріне, дәстүрлі құндылықтарына сәйкес дербес қалыптасады. Бұл ерекшеліктерден ұлттың осы дінді қабылдағанға дейінгі болмыстық сипаттары көрініс табуы мүмкін. Қазақ даласына ислам діні келгеннен бері сол діннің аясында жетіліп, толысып, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың дәстүрлі діни танымы біздің рухани мәдениетіміздің өзегіне айналған. Сондықтан рухани мәдениетіміздің барлық салалары – ойлау жүйеміз, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз, өнеріміз (сөз өнері, саз өнері) дәстүрлі діни танымымызбен тікелей байланыста дамыған, содан нәр алып, тамырланған.

Яғни дәстүрлі діни танымның мәдениетпен байланысы екі жақты әсерлесуден тұрады: мәдениетке құрамдас бөлік ретінде еніп, оның барлық ерекшеліктерін сіңіре отырып қалыптасқан діни таным өзінің қалыптасу кезеңінен өткен соң мәдениетке шешуші әсер ететін, мәдениеттің мәнін құрайтын факторға айналады, ұлттық дүниетаным мен мәдениеттің бұдан кейінгі дамуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан мәдениет пен дәстүрлі діни таным байланысына уақыт факторы тұрғысынан қараған жөн.

А.Әбдірәсілқызы